
«Қожа Ахмет Ясауи және шежірелі Түркістан» көшпелі көрмесі
2024 жылдың 18 қвзвнында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының жәдігерлерінен ұйымдастырылған «Қожа Ахмет Ясауи және шежірелі Түркістан» көшпелі көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Көрмені Атырау облысы Мәденит және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ә.Жоламанов алғы сөзімен ашылды. «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи музей қорығының басшысы М.Садықбеков көрменің мақсат міндетін айта келе, қазіргі қоғамдағы музейлердің рөлі туралы баяндады.
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи музей қорығының экскурсоводы Сәдуақас Данияр Түркістан оазисі қалаларының тарихы - Шербай, Шпан қорымдарынан табылған археологиялық материалдар мен Шауғар-Шойтөбе, Ясы-Күлтөбе қалаларының тарихи жәдігерлері, Қожа Ахмет Ясауидің туған және өскен Сайрам-Исфиджаб, Ясы-Түркістан қалалары мен Ясауи шығармалары, ұстаздары мен шәкірттері, ізбасарлары туралы тарихи деректер, Ясауи кесенесінің салыну тарихы, ондағы сирек кездесетін бірегей тарихи мұралар туралы жәдігерлерді көпшілікке таныстырды.
Көрменің ашылу салтанатына мәдениет мекемелерінің басшылары, тарихшылар, Дін істер басқармасы қызметкерлері, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Атырау облысы бойынша Кәсіби дамыту институты қызметкерлері, "Шапағат" Деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының қызметкерлері, университет оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.
Көрме 18-28 қазан аралығында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі көрермендерінің назарына ұсынылды.